фото: ашық дереккөзден
11 жастағы Захар Непогодин қатерлі ісікті жеңіп, Стамбулда өткен жүзуден чемпионатта үш алтын жүлдені иеленді. Оның өмір жолы туралы онкологиялық аурудан кейінгі балаларды қолдайтын "Феникс" қоры баяндады, деп жазады Sportinside.kz.
Захар Қарағандыдағы №81 мектепте оқиды. Ол Даун синдромымен дүниеге келген, кейін қатерлі ісік диагнозына тап болды. Бірақ ол бұл сынақтан өтіп, көптеген ересектерге үлгі көрсетті.
Баланың емі Астанадағы Ана мен бала орталығында жүргізілді. Ауыр дертті жеңген соң, Захарға өмірде жаңа бағыт табу қажет болды.
Бәрін өзгерткен сәт – қатерлі ісікті жеңген балалар арасындағы ІІ республикалық чемпиондар ойындары еді. Сол жарыста ол алғаш рет суға түсіп, бірден үшінші орын алды. Бұл кезде оның жанында анасı Галина мен жаттықтырушысы Елена Райнгардт болды. Олар Захарға сеніп, барынша қолдау көрсетті.
Содан бері жүзу Захар үшін жай ғана спорт емес, өмірінің мәніне айналды. Бар-жоғы екі жыл ішінде ол ондаған медаль мен диплом жеңіп алып, түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, күн сайын жаттығуларда жігерін дәлелдеп келеді.
Оның спорттағы ең үлкен жетістігі – 2025 жылы Стамбулда өткен халықаралық жарыс болды. Қазақстанға ол үш алтын медальмен оралды.
"Оны алғаш рет Чемпиондар ойындарында тұғырға көтерілгенін көргенде, ұлымның болашағы бар екенін түсіндім. Бүгінде менің мақтанышым шексіз, оны сөзбен жеткізу мүмкін емес", – дейді Захардың анасы.
Бұл оқиға – тек спорт жайлы емес. Бұл – сенім, сүйіспеншілік пен қолдаудың арқасында кез келген диагнозға қарамастан балалардың чемпион бола алатынын дәлелдейтін оқиға. Чемпиондар ойындары Захарға бастау болды, енді ол өзі басқа балалар мен ата-аналарға шабыт беріп, ешқашан берілмеуге үндейді.
Айта кетейік, қатерлі ісікті жеңген балалар арасындағы ІІІ республикалық чемпиондар ойындары 26-28 қыркүйек күндері Астанада өтеді.