Бас бапкер жұмысынан кетеді: Ұлттық құраманы Бақыт Сәрсекбаев жаттықтыратын болды

Бас бапкер жұмысынан кетеді: Ұлттық құраманы Бақыт Сәрсекбаев жаттықтыратын болды

фото: Қазақстан бокс федерациясы. Суретте: Нұрзат Оңғарұлы мен Бақыт Сәрсекбаев

Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев Қазақстан бокс құрамасын басқаруы мүмкін. Қазақстанның ұлттық бокс құрамасында сенсациялық өзгерістер болуы ықтимал, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Sportarena.kz тілшісінің мәліметінше, қазір Туризм және спорт министрлігінде ұлттық құраманың бапкерлер құрамын ауыстыру мәселесі қызу талқыланып жатыр.

Қазіргі таңда команданы 2024 жылғы Париж Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін тағайындалған тәжірибелі Қайрат Сцтжанов жаттықтырады. Ол алдыңғы бапкерден өзгеше, құрамада жеке шәкірттері жоқ, дегенмен Азия чемпионаты-2024, "Странджа кубогы", Thailand Open турнирлерінде және елімізде өткен Әлем кубогында жалпыкомандалық есепте жеңіске жеткен жетістіктері бар.

Алайда сенімді дереккөздің хабарлауынша, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаевты тағайындауды жоспарлап отыр.

Бапкерлер ауысымы қыркүйекте Ливерпульде өтетін World Boxing Әлем чемпионатынан кейін жүзеге асуы мүмкін. Ең қызығы, дереккөздің айтуынша, нәтиже қандай болса да, өзгеріс жасалатыны, ал Бақыт Әбдірахманұлының ұлттық құраманы басқаруы ықтимал.

Айта кетейік, Бақыт Сәрсекбаев 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында чемпион атанған. 2025 жылы ол резервтік құраманың және жастар (U-22) командасының бас бапкері болып тағайындалды. Жуырда, 11 тамызда Бангкокте аяқталған Азия чемпионатында оның шәкірттері 3 алтын және 2 күміс медаль жеңіп алды. Алайда алтын жүлде саны бойынша қазақстандықтар өзбек боксшыларынан екі есе артта қалды.