фото: Richard Pelham/Getty Images. Суретте: Янник Синнер мен Карлос Алькарас
АҚШ-тың Цинциннати қаласында өтіп жатқан турнирдің финалистері анықталды. Чемпиондық титул үшін италиялық Янник Синнер мен испаниялық Карлос Алькарас сынға түседі, деп хабарлайды Sportinside.kz.
АҚШ-тағы жарыс – US Open алдындағы соңғы ATP 1000 санатындағы турнир. Синнер мен Алькарас өздерінің әлемдік рейтингтегі позициясына сәйкес бірінші және екінші нөмірлі рейтингпен жарысқа шықты.
Жартылай финалда Янник Синнер әлемнің 136-ракеткасы француз Теренс Атманды 7:6 (7:4), 6:2 есебімен жеңді. Атман негізгі кезеңге іріктеу арқылы шыққан болатын. Синнер Цинциннати турнирінде қатарынан екінші рет финалға шықты – өткен жылы ол чемпион атанған еді.
Карлос Алькарас финалға неміс теннисшісі Александр Зверевті 6:4, 6:3 есебімен жеңіп шықты.Испаниялық теннисші 2023 жылы да Цинциннати финалына жеткен, бірақ сол жолы титулды ала алмады.
Осылайша, Синнер мен Алькарас биылғы маусымда төртінші мәрте кездесу өткізеді. Бұған дейінгі үш кездесуде де олар титул үшін бәсекелес болған. Испаниялық теннисші Римдегі және "Ролан Гаррос" турнирінде жеңіске жеткен, ал италиялық Уимблдондағы жарыста реванш алған. Жалпы, Синнер Алькарасты бес рет жеңіп, сегіз рет жеңілген.