«Имандай сендік»: Балғынбек Имашевтың ұлына алданып қалған 40 адам шу шығарды

«Имандай сендік»: Балғынбек Имашевтың ұлына алданып қалған 40 адам шу шығарды

фото: SN.kz

Айтыскер ақын Балғынбек Имашевтың ұлына қатысты дау қайта өршіді. Қажылыққа жолдама сатып алдық деген тағы 40-қа жуық азамат алаяқтық құрбаны болғандарын айтып, Алматыда полиция басқармасына жиналды. 

"Құрбан айтқа дейін қайтарамыз деген, бірақ..."

Зардап шеккен азаматтардың бірі Берік Маржанов былай дейді:

“19 сәуірде ұшуымыз керек еді, содан бері не ақша, не билет жоқ. Соңғы уәделері – Құрбан айтқа дейін қайтарамыз деген. Компания директоры – Имашев Данияр”.

Азаматтардың әрқайсысы орта есеппен 500 мың теңге көлемінде қаражат төлеген. Жалпы шығын көлемі 20 миллион теңгеден асады. Қажылық жолдамасы аясында Мекке мен Мәдинадағы үш және төрт жұлдызды қонақүйлерде тұру уәде етілген.

Жарнамаға сендік, енді өздері жоқ

Арызданушылардың айтуынша, бұл компанияны олар әлеуметтік желіден көрген. Ең басты сенім – айтыскер Балғынбек Имашевтың өзі жарнамалағаны.

“Балғынбекті көріп, имандай сендік. Енді не өзі, не баласы байланысқа шықпай отыр. Қоңырау шалсақ, жауап жоқ”, – дейді зардап шеккендер.

Бұған дейін де 50 адам шағымданған

Айта кетейік, бұған дейін дәл осы компанияға алданған 50-ге тарта адам полицияға арыз түсірген. Сол жолы Данияр Имашев қаражаттың бір бөлігін қайтарған болатын. Бірақ жаңа арыздар бойынша тағы қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

“Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес барлық тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды. Іс сотқа жолданатын болады”, – деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.