фото: GIUSEPPE CACACE/AFP via Getty Images. Суретте: Хамзат Чимаев
Аралас жекпе-жек (ММА) шебері, БАӘ атынан өнер көрсететін Хамзат Чимаев UFC титулдық жекпе-жегінде оңтүстікафрикалық Дрикус дю Плессиді жеңді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Бұл айқас АҚШ-тың Иллинойс штаты, Чикаго қаласында өткен UFC 319 турнирінің басты жекпе-жегі болды. Чимаев жекпе-жекке орта салмақ (83,9 кг дейін) рейтингінің үшінші нөмірі ретінде шықса, дю Плесси чемпиондық белбеуін қорғады.
Жекпе-жек толықтай бес раундқа созылды. Әр раундтың басында Чимаев қарсыласын партерге алып түсіп, айқын басымдық көрсетті.
Бүкіл жекпе-жек барысында Чимаев 17 әрекеттің 12-сін сәтті тейкдаунға айналдырды, ал дю Плесси тек бір рет қана нәтиже көрсетті. Сондай-ақ, соққы саны бойынша да Шешенстанда туған спортшы қарсыласын ойсырата басып озды – 510 соққыға қарсы 56.
Нәтижесінде Чимаев бір ауыздан қабылданған төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Үш төреші де оны 50:44 есебімен үздік деп таныды.
Осылайша, 31 жастағы БАӘ өкілі UFC-дің орта салмақтағы жаңа чемпионы атанды. Оның кәсіби ММА-дағы көрсеткіші – 15 жекпе-жек, 15 жеңіс.
Ал дю Плесси үшін бұл жеңіліс оның 11 жекпе-жектік жеңіс сериясын үзді. Қазір оның рекорды – 23 жеңіс, 3 жеңіліс.