фото: Angel Martinez - FIFA/FIFA via Getty Images. Суретте: Рикардиньо мен Игита
Әлемнің ең үздік ойыншысы атағын futsalplanet.com нұсқасы бойынша алты рет иеленген (2010, 2014, 2015, 2016, 2017, 2018) португалиялық футзалшы Рикардиньо кәсіби мансабын аяқтағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
3 қыркүйекте 40 жасқа толатын Рикардиньо өз карьерасында «Бенфика» (Португалия), «Нагоя» (Жапония), «ЦСКА» (Ресей), «Интер Мовистар» (Испания), «АССS» (Франция), «Пендекар» (Индонезия), «Рига» (Латвия) клубтарында өнер көрсетті. Оның соңғы командасы Италияның «Экосити» клубы болды.
Футзалшының қоржынында 5 елдің чемпионаттарында жеңіп алған 15 чемпиондық атағы бар:
- Португалия (2005, 2007, 2008, 2009, 2012);
- Жапония (2011, 2013);
- Испания (2014, 2015, 2016, 2017, 2018, 2020);
- Франция (2021);
- Латвия (2024).
Сонымен қатар ол үш рет УЕФА Кубогын (қазіргі Чемпиондар лигасы) жеңіп алған: «Бенфикамен» (2010) және «Интер Мовистармен» (2017, 2018).
Португалия құрамасы сапында Рикардиньо 188 матч өткізіп, 142 гол соқты. Ұлттық құрамамен бірге ол 2018 жылы Еуропа чемпионы және 2021 жылы әлем чемпионы атанды.