фото: Мұхит Сапарбаев/ekaraganda.kz
Қазақстанда өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға қатысты заңнама өзгерді. Енді белгілі бір талаптар орындалған жағдайда мұндай сотталушылар шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуға мүмкіндік алады, деп хабарлайды Stan.kz.
Бұған дейін бұл санаттағы қылмыскерлерге ерте босау құқығы берілмейтін. Бірақ Конституцияға сәйкес, мұндай шектеу заңға қайшы деп танылды. Енді өлім жазасы орнына өмір бойына түрме жазасын алғандарға шартты түрде босау тәртібі қолданылмақ.
Заңгерлердің айтуынша, қылмыстық кодекстегі қайшылықтар осы уақытқа дейін шешілмей келген. "Өмір бойына соттау" іс жүзінде адам өмірінің соңына дейін бостандыққа шықпайды дегенді білдіргенімен, жаңа ереже бойынша олар 25 жылын өтеген соң шартты түрде босатылуы мүмкін. Бірақ ол үшін жазасын өтеуші түзелгенін көрсетіп, жақсы мінездеме алуы және қоғам үшін қауіпсіз екенін дәлелдеуі қажет.
Айта кетейік, мұндай жаза аса ауыр қылмыстар үшін тағайындалады: терроризм, бірнеше адамның өмірін қиған қанды қылмыстар немесе педофилия. Өткен жылы педофилия жасағандарға да өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы енгізілген еді.
2012 жылы "Арқанкерген" шекара бекетінде 14 шекарашы мен бір қорықшы қаза тапты. Бұл қылмыс үшін аман қалған сарбаз Владислав Челах кінәлі деп танылып, өмір бойына сотталды. Руслан Күлекбаев 2016 жылы Алматыда полицейлерге шабуыл жасап, 10 адамның өмірін қиды. Ол да өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Қазақстан түрмелерінде бұлардан бөлек те аса қауіпті қылмыскерлер бар. Бірақ олардың нақты саны жария етілмеген. Жаңа нормаға сәйкес, өмір бойына сотталғандар жазасының кемінде 25 жылын өтеген соң ғана шартты түрде босау мүмкіндігіне ие болады.