"Венгр балуаны күреспей қойды": Демеудің Олимпиададан кейінгі алғашқы белдесуі қалай өтті?

"Венгр балуаны күреспей қойды": Демеудің Олимпиададан кейінгі алғашқы белдесуі қалай өтті?

фото: olympic.kz. Суретте: Демеу Жадыраев

Грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев ұзақ үзілістен кейін кілемге қайта оралып, Германияның Дортмунд қаласында өткен Гран-при турнирінде топ жарды. Спортшының дайындығы мен белдесулері жайлы жеке бапкері Боранбек Қоңыратов Sportbugin.kz-ке баяндады, деп жазады Sportinside.kz.

Бапкердің айтуынша, Олимпиададан кейін спортшылар үшін қайта бабына келу оңай шаруа емес. Париждегі жетістіктен соң Демеу аздап демалыс алып, елдің қошеметіне бөленді. Дегенмен, бапкері екеуі жарысты жалғастыруды сол кезде-ақ шешкен.

"Олимпиададан кейін қатарға оралу кім-кімге де оңай емес. Жүлде алып келген соң, ел-жұрт қошеметке бөлейді. Одан бөлек, Олимпиадаға қарқынды дайындалған спортшы да кішігірім демалысты қалайтыны анық. Париж ойындарынан кейін Демеу де демалды, халық алақанына салды, құшағына басты. Содан соң, кілемге қайта тартатын кез болады өзі. Демеу екеуміз әрі қарай күресті жалғастырамыз деген шешімді Олимпиададан кейін-ақ қабылдағанбыз. Сондықтан, жиналып, бабымызға енерімізге сендім. Жаттығуды  бастап кеттік. Иә, бас бапкер өзінің пікірін айтты. Егер осы турнирде жүлдеге ілікпесек, құрамадағы орын сақталмайтынын ескертті. Әрине, біз де Олимпиададан жүлде алғанымызды міндет қылғанымыз жоқ. Олимпиаданың күмісі қолда, бізге барлық жол ашылсын деген ойдан адамыз. Ешкімнің орнын тартып алмаймыз. Қайтадан өз биігімізге шығып, әділетті түрде жеңуді көзейміз", – дейді Қоңыратов.

Дортмундтағы жарыста Жадыраев бірнеше мықты қарсыласын, соның ішінде жас дарындарды да, өз стилімен жеңді. Финалда венгр балуанымен белдескен Демеу шешуші сәтте тактикасын өзгертіп, айқын басымдық танытты. Белдесу соңында қарсыласы күресті жалғастырудан бас тартып, жеңілгенін мойындады.

"Ал Германияда Демеу бірқатар балуандармен белдесті. Арасында жастар мен жасөспірімдер арасында көзге түсіп жүргендер бар. Бәрін бір деммен, өз стиліне сай жеңіп шықты. Финалда кездескен венгр балуаны белдесу соңына қарай күреспей қойды. Жеңілгенін мойындады. Негізі, венгр балуандарының физикасы мықты, күші көп. Демеу күрес кезінде тактикасын өзгертіп, әдемі жеңді", – деді Боранбек Қоңыратов.

Айта кетсек, Демеу Жадыраевтың 2025 жылғы әлем чемпионатына қатысуы әзірге белгісіз күйінде қалып отыр.