Сүйінші, ағайын! Тоқаев мұғалімдерге қатысты қуанышты жаңалығын бөлісті

Сүйінші, ағайын! Тоқаев мұғалімдерге қатысты қуанышты жаңалығын бөлісті

фото: Ақорда. Суретте: Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде «Педагог мәртебесі туралы» заңға мұғалімдердің құқығын қорғауға бағытталған өзгерістер енгізу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысы мұғалімдердің құқықтарын қорғау үнемі басты назарда болуы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, педагогтер заң бойынша өз міндетінен тыс жұмыстардан босатылғанымен, кейбір жергілікті билік өкілдері бұл талаптарды әлі де бұзып отыр. Прокуратура мұндай заңсыздықтарға жол бермеуі тиіс.

Сондай-ақ, президент мектептен тыс, ата-аналардың жауапсыздығынан болған кез келген жазатайым оқиға үшін мұғалімді жазалауды орынсыз деп санайтынын айтты. Ол Алматы облысында түлектер арасындағы қайғылы жағдайдан кейін директор мен мұғалімдердің жазықсыз қызметінен босатылғанын мысалға келтіріп, Білім министрлігінің оларды қорғау әрекетін құптады.

"Педагог мәртебесі туралы" заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізу қажет деп санаймын. Мемлекеттің міндеті – мұғалімнің қоғамдағы беделін және мәртебесін мейлінше арттыру.

Тағы бір мәселе. Маңғыстауда балалар сапасыз тамақтан уланып қалғанын білесіздер. Осы сұмдық жағдайдан кейін мектептегі тамақтың сапасын қадағалау жұмысын Денсаулық сақтау министрлігі толығымен өз міндетіне алды. Бұл өте дұрыс шешім болды. Жалпы, білім саласы – мемлекет үшін стратегиялық мәні бар сала. Сондықтан, құзырлы мемлекеттік органдар білім саласындағы мәселелерден сырт қалмауы керек.

Түптеп келгенде, балалардың амандығы, олардың денсаулығы және сапалы білім алуы – еліміздің келешегіне тікелей қатысы бар мәселе", – деді ол.