"Екі есе көбейеді": Тоқаев барша қазақты қуантатын жаңалықты паш етті

"Екі есе көбейеді": Тоқаев барша қазақты қуантатын жаңалықты паш етті

фото: Ақорда. Суретте: Қасым-Жомарт Тоқаев

Елімізде педагог мамандығында білім алып жүрген студенттердің шәкіртақысы соңғы бес жылда екі есеге өсті. Енді жаңа оқу жылынан бастап бұл көрсеткіш 84 мың теңге болады. Бұл жайында президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің республикалық Тамыз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысы өз сөзінде жаңа буын мұғалімдерді даярлаудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

"Биыл білім беру саласына 13 мыңнан астам грант бөлінді. Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы бес жылда екі есе көбейді. Жаңа оқу жылынан бастап шәкіртақы 84 мың теңге болады. Осындай нақты шаралардың нәтижесінде жастардың мұғалім болуға ынтасы артып келеді.

Былтыр 1800-ге жуық "Алтын белгі" иегері педагог мамандығына оқуға түскен. Ал биыл 2 мыңнан астам үздік түлек ұстаз мамандығын таңдап отыр. Бұл – барлық "Алтын белгі" иегерлерінің 23 пайызға жуығы деген сөз. Мұның бәрі қоғамда ұстаздардың абырой-беделінің арта түскенін аңғартады. Мұғалімнің білігін, мәртебесін көтеру және білім сапасын арттыру үшін басқа да көптеген шаралар атқарылды. Нәтижесі жаман емес" – деді президент.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев биыл оқушыларымыз әлемдегі ең беделді жеті олимпиададан 27 медаль, ал түрлі халықаралық жарыстардан 1000-ға жуық медаль жеңіп алғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жетістіктер – балалардың сапалы білімі мен ізденісінің, сондай-ақ ұстаздардың еңбегінің жемісі.

Айта кетейік, жақында мемлекет басшысы үздік оқушылардың бір тобын Ақордаға шақырып, марапаттады. Президент олардың қазақ халқын зияткер ұлт ретінде әлемге танытып жүргенін атап өтті.