фото: Тұрар Қазанғапов. Суретте: Геннадий Головкин
Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин Астанада өтіп жатқан шорт-трек ұлттық құрамасының оқу-жаттығу жиынына барып, спортшылармен кездесті, деп Sportinside.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бас бапкер Петр Гамидов олимпиадалық маусымға арналған жұмыс жоспарын таныстырып, дайындық барысындағы ерекшеліктерді атап өтті. Сондай-ақ құраманың жаттықтыру штабына Нидерландтан келген кеңесші жаттықтырушы Вильма Бумстра мен жүйе және медициналық мамандар кіретінін айтты.
Кездесу кезінде спортшылардың өтініші бойынша Головкин жеке дайындық тәжірибесімен бөлісіп, жоғары деңгейдегі жарыстарда психологиялық тұрақтылықтың маңызын атап өтті.
"Олимпиадалық маусымда тәртіп пен дайындықтың әр кезеңіне мұқият болу аса маңызды. Мақсатқа жету үшін тынымсыз еңбек, жан-жақты дайындық және өз күшіңе сенімділік керек. Командамызға бірлік, іріктеуде сәтті өнер көрсету және басты жарыстарда жеңіс тілеймін", – деді ол.
Айта кетсек, шорт-тректен олимпиадалық жолдамалар төрт кезеңнен тұратын Әлемдік тур аясында сарапқа салынады:
- 9-12 қазан – Монреаль, Канада
- 16-19 қазан – Монреаль, Канада
- 20-23 қараша – Гданьск, Польша
- 27-30 қараша – Дордрехт, Нидерланд