Танымал әнші Сәкен Майғазиевтің ұлы Әділет Майғазиев сүйіктісімен қалай танысқаны туралы алғаш рет ашық айтты.
Әділеттің айтуынша, болашақ жары Әдиямен ол бір жыл бұрын Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында танысқан.
"Берекет деген досым кофехана ашты. Сол жерге әкем, көмекшісі үшеуміз қолдау білдіріп бардық. Сол жерде Әдияны алғаш көрдім. Сырттай бірден ұнап қалды. Бірақ сол сәтте таныстық орнаған жоқ", – дейді Әділет.
Уақыт өте келе екеуі қайта жолығып, араларында жылы байланыс қалыптаса бастайды.
"Бір күні Берекет үйленетін болды. Сол тойға ата-анаммен бірге бардық. Әдия – досымның қарындасы. Сондықтан алғашқыда ашық сөйлесе алмадым. Бірақ тойдан кейін жастар бас қосқан кеште екеуміз жақынырақ таныстық", – деп еске алады Әділет.
Сол кештен кейін екі жақтың ата-анасы дастарханда бас қосып, Әділет пен Әдия бір-біріне жақын бола бастаған.
"Сол күні сыртқа шыққанда оның аяқ киімін әпердім. Сол сәтте оған қамқорлық жасағым келді. Содан бері араласып, жақын дос болдық. Уақыт өте келе сезімге ұласып, ақыры шаңырақ көтердік", – деді Әділет.