фото: Rob Newell - CameraSport via Getty Images. Суретте: Елена Рыбакина
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Цинциннати турнирінің ширек финалына шықты. Бұл жеңісі үшін ол 100 мың АҚШ долларынан астам табысқа ие болды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Рыбакина әлемнің алтыншы ракеткасы, америкалық Мэдисон Кизді үш сетте – 6:7 (3:7), 6:4, 6:2 есебімен жеңді.
Осылайша, қазақстандық спортшы турнирдің ширек финалисі атанды. Бұған дейін ол бұл жарыста мексикалық Рената Сарасуаны және бельгиялық Элизе Мертенсті ұтқан болатын.
Ширек финалға шыққаны үшін Елена 106 900 доллар (57,5 млн теңге) және 215 рейтингтік ұпай алды.
Биылғы WTA 1000 санатындағы Цинциннати турнирінің жалпы жүлде қоры – 5,1 млн доллар (2,7 млрд теңге). Ал бас жүлде иегері 752 275 доллар (405 млн теңге) және 1000 рейтингтік ұпайға қол жеткізеді.