"ПСЖ" – "Тоттенхэм": УЕФА Суперкубогы иегері пенальти сериясында анықталды

"ПСЖ" – "Тоттенхэм": УЕФА Суперкубогы иегері пенальти сериясында анықталды

фото: Alex Pantling – UEFA/UEFA via Getty Images. Суретте: "ПСЖ" футбол клубының ойыншылары

УЕФА Суперкубогы үшін таласта франциялық "ПСЖ" мен ағылшындық "Тоттенхэм" командалары кездесу өткізді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Бұл ойын Удине қаласындағы "Дачия Арена" стадионында өтті. Чемпиондар лигасының жеңімпазы – франциялық "ПСЖ" клубы мен Еуропа лигасының иегері – лондондық "Тоттенхэм" командасы құрлықтық титулды сарапқа салды.

"Тоттенхэм" 39-минутта Микки ван де Вен соққан голдың арқасында есеп ашты. 48-минутта Кристиан Ромероның дәл соққысынан кейін ағылшындық клуб өз басымдығын еселей түсті.

Алайда "ПСЖ" 85-минутта Ли Кан Иннің арқасында есеп айырмасын қысқартса, ал 90+4-минутта Гонсалу Рамуш есепті теңестіріп, ойынды пенальти сериясына жеткізді.

Пенальти сериясында Луис Энрике шәкірттері мықтырақ болып, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, ПСЖ өз коллекциясына тағы бір халықаралық трофей – УЕФА Суперкубогын қосты.