фото: "Ақтөбе" футбол клубы. Суретте: Николай Костов
Болгариялық маман Николай Костов "Ақтөбе" футбол клубының жаңа бас бапкері атанды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
62 жастағы маман бұл қызметте белорус Вячеслав Левчуктың орнына келді. Осылайша, "Ақтөбе" биылғы маусымда үшінші мәрте бас бапкерін ауыстырып жатыр. Команда маусымды украиналық Игорь Леоновтың жетекшілігімен бастаған еді.
Маманның соңғы жұмыс орны – Болгарияның "Левски" (София) клубы болды. Ол бұл қызметтен 2024 жылғы мамырда кеткен. Бұған дейін Костов Қазақстанның "Каспий" (Ақтау) және "Шахтер" (Қарағанды) командаларын жаттықтырған.
Сонымен қатар ол Болгарияның бірнеше клубында, сондай-ақ Армения, Кипр, Ресей және Украина командаларында жұмыс істеген. Оның бапкерлік мансабындағы жалғыз трофейі – 2001/02 жылғы маусымда Кипрдің Фамагуста қаласындағы "Анортосис" клубымен жеңіп алған Кипр кубогы.
Костовтың жаттықтырушы штабындағы көмекшісі болып 37 жастағы болгариялық Михаил Цоков тағайындалды. Жаңа бапкер командамен алғашқы жаттығуын өткізіп үлгерді.
Қазіргі уақытта "Ақтөбе" Қазақстан премьер-лигасының кестесінде 19 матчтан кейін 33 ұпай жинап, төртінші орында тұр. "Ақтөбе" футбол клубы Қазақстан кубогынан шығып қалды және Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңінде еурокубоктық науқанын аяқтады.
Соңғы 13 кездесуде барлық турнирлерде ақтөбеліктер үш рет жеңіп, екі рет тең түсті және сегіз рет жеңіліске ұшырады.