фото: ашық дереккөзден
Қырғызстан мәдениеті мен өнері орны толмас қазаға ұшырады. 87 жасында ұзаққа созылған сырқатынан кейін Қырғыз Республикасының халық әртісі, көрнекті композитор, педагог және қоғам қайраткері Сатылған Осмонов дүниеден өтті. Бұл туралы министрлер кабинеті баспасөз қызметі хабарлады.
Сатылған Осмонов 1938 жылы Шу жазығындағы Кегеті ауылында дүниеге келген. М. Күренкеев атындағы музыка-хореография училищесін бітірген соң, Ташкент консерваториясында білімін жалғастырып, бір мезгілде педагог болып жұмыс істеді. Дәл осы жылдары оның ерекше мәнерлі алғашқы күрделі шығармалары музыкалық ортада зор қызығушылықпен қабылданды.
Оның туындылары шынайы драматизммен, батырлық пен эпикалық ауқымдылығымен, ең бастысы, терең лирикалық сезіммен ерекшеленеді. "Ақ-Мөөр" симфониясы, скрипка мен оркестрге арналған концерттер, симфониялық поэмалар, камералық ансамбльдер, хор шығармалары мен романстар – тыңдарман жадында ұзақ сақталған туындылардың қатарында.
Сатылған Осмонов шығармашылығында ерекше орын алатын туынды – 1987 жылы А. Малдыбаев атындағы Қырғыз ұлттық академиялық опера және балет театрында сахналанған "Сепіл" операсы. Ұлттық колоритке бай бұл көлемді шығарма музыкадағы аса құнды табыс ретінде жоғары бағаланды.
Ірі формалардан бөлек, ол педагогикалық репертуарға арналған көптеген музыкалық шығармалар, аспаптық пьесалар, әндер мен вокалдық циклдер жазды. Қырғыз Республикасының халық ақыны А. Жақшылыковтың сөздеріне жазылған 25 романстан тұратын екі цикл оның лирикалық шығармашылығының шыңы саналады.
Соңғы еңбектерінің ішінде ұлттық тарихи-драмалық "Әлібек пен Құрманжан" операсы бар.
Сатылған Осмоновтың ұлттық музыканы дамытуға қосқан үлесі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. 1990 жылы Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, 2019 жылы Халық әртісі атағы берілді. Ол 1990 жылы А. Малдыбаев атындағы халықаралық сыйлықтың, 2007 жылы М. Абдраев атындағы республикалық сыйлықтың лауреаты атанды. "Ардақ Белгісі" орденімен және Жоғарғы Кеңестің Құрмет грамотасымен марапатталды.
"Өмірін шығармашылыққа арнап, мәдениет пен өнерде өшпес із қалдырған көрнекті композитор Сатылған Осмоновтың жарқын бейнесі қырғыз халқының, өнер мен музыка сүйер қауымның, замандастарының, әріптестерінің, жақын туыстары мен отбасының жүрегінде мәңгі сақталады. Оның отбасына және жақындарына орны толмас қайғысына ортақтасып, шын жүректен көңіл айтамыз", – делінген хабарламада.