фото: ашық дереккөзден. Суретте: Ақмоншақ Нұртазақызы
Әлеуметтік желіде тренд видеоларымен танымал болған мектеп директоры Ақмоншақ Нұртаза оқырмандарының сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Alash.kz.
Бір жанкүйері: "Сіз мектептен кеткен жоқсыз деп сенемін. Кетпеңізші", – деп жазғанда, Ақмоншақ Нұртаза:
"Қалай ойлайсыз? Кетпеңіз, жаңашылдықтың басы. Мектеп сіздікі емес, босатқаныңыз дұрыс", – деп оқырмандарына таңдау жасауға мүмкіндік берді.
Бұған дейін ол мыңдаған адамның қолдауын сезініп, алғысын білдірген еді. Сондай-ақ, Астана қаласындағы №58 мектеп-гимназиясының директоры қызметінен кеткенін хабарлап:
"Бәрін тоқтаттым. Мектеп. Қызмет. Әлеуметтік желі. Келесі қадам?" – деп жазған.
Алайда көп ұзамай әлеуметтік желідегі белсенділігін жалғастыратынын айтып, жаңа жоспарларымен бөлісті. Оның сөзінше, алдағы уақытта парақшасында тек тренд қуатын емес, миссиясы бар контент жарияланбақ.
"Кішкене үзіліс алып, парақшамда не жазатыным туралы ойланып жүр едім… Қазір бұрынғыдай белсенді емеспін, бірақ алда бұл парақшада басқаша форматтағы, жаңа бағыттағы контент болады. Өйткені мен бұл парақшаға жай ғана контент салып, оқырман санын көбейтіп, тренд қуып отыратын блогер болғым келмейді.
Мен үшін бұл – миссиясы бар парақша. Иә, дәл солай. Өз миссиямды тапқан сияқтымын. Мен ұстазды шабыттандыратын, оқушыны еститін, ата-анаға бағыт беретін, қазіргі буынмен байланыс орната алатын парақша жүргізгім келеді. Біраз уақыт бұрын барлығы сол қалпында болғанымен, менің ішкі дүнием өзгеріп кетті. Сол себепті, енді парақшамда жаңа дүниелер басталмақ. Күтемін", – деп түйіндеді Ақмоншақ Нұртаза.