"Жертөледе жаттығып жүр": Жалғыз өзі Азия чемпионы атанған боксшымызды спортзалға кіргізбей жүр

"Жертөледе жаттығып жүр": Жалғыз өзі Азия чемпионы атанған боксшымызды спортзалға кіргізбей жүр

фото: sportinside.kz коллажы. Суретте: Расул Асанханов

19 жасқа дейінгі жастар арасында өткен Азия чемпионатында ерлер құрамасынан жалғыз алтын жүлдеге қол жеткізген қазақ боксшысы Расул Асанхановтың жаттықтырушысы оның қандай жағдайда өскенін айтып берді, деп Sportinside.kz тілшісі Tengri Sport сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қарағанды облысының жаттықтырушысы Александр Насибулиннің айтуынша, шәкірттеріне Шахтинск қаласындағы "Тентек" кешенінде жаттығуға рұқсат берілмейді. Сол себепті спортшылар жертөледе дайындалуға мәжбүр, соған қарамастан үлкен жетістіктерге жетіп отыр.

"Расул – команданың капитаны. Қатарластары финалда жеңілгенде, ол команда үшін уайымдайды. Бірақ капитан ретінде жауапкершілікті өз мойнына алып, бар күшін салып, алтын медаль алып, Қазақстан құрамасының абыройын сақтап қалды.

Бір-екі ай бұрын Шри-Ланкада IBA нұсқасы бойынша Азия чемпионатын жеңіп келді. Соған қарамастан, оралған соң да аталмыш кешен кіргізбеді. Енді тағы жеңіп келеді, бірақ Шахтинскіде оны қайта кіргізбейтіні анық", – деді жаттықтырушы.

Бұған дейін, шілде айында, Насибулиннің тағы бір шәкірті – жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Сабыржан Аққалықов та Шахтинскідегі жаттығу мәселесін көтерген еді. Оның айтуынша, спорт кешенінде жаттығу уақыты – бар болғаны бір сағат, ол үшін ақы төлеу керек, содан кейін залдан шығарып жібереді.

Әкімдік бұл жағдайды "түсініспеушілік" деп атап, мәселе шешілгенін мәлімдеген. Алайда жаттықтырушының айтуынша, ештеңе өзгермеген және ол әлі күнге дейін балаларды жертөледе жаттықтыруға мәжбүр.

"Спортшымен ашық, конструктивті әңгіме өтті – мәселе шешілді. Спорт кешенінің басшылығы әрқашан диалогқа дайын және спортшыларымыздың жағында. Біз туған өлкемізді спорт ареналарында танытып жүрген әрбір азаматпен мақтанамыз және оларға барынша қолдау көрсетуге дайынбыз", – деген болатын әкімдікте.

Айта кетсек, Таиландтың Бангкок қаласында өткен турнирде U-19 санатында Азия чемпионы атанған Расул Асанхановтан бөлек, Насибулиннің тағы екі шәкірті – Тимур Тайбеков пен Нұрсұлтан Қыстаубай финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанды.