фото: ашық дереккөзден. Суретте: Асхат Аймағамбетов
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдап, марапаттады. Қуанышты жаңалықты Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Аймағамбетовтың айтуынша, бұл – еліміздің ең дарынды жас өрендері үшін ерекше әрі есте қаларлық сәт. Ол көптеген елдерде президенттің өзі дарынды оқушыларды құттықтау дәстүрі жоқ екенін атап өтті. Мұндай кездесу – балалардың еңбегі мен талантын мойындаудың айқын көрінісі, сондай-ақ бүкіл қоғам мен өңір басшыларына берілген маңызды белгі екенін жеткізді.
"Көп елде мұндай зияткерлік жас элитаны ел Президентінің өзі құттықтай бермейді. Бұл – балалар үшін жай ғана ресми рәсім емес, олардың таланты, табандылығы мен еңбегінің еленгенін білдіретін айқын белгі.
Мұндай сәтттер өмір бойы есте қалады. Бірақ бұл – тек балаларға ғана емес, бүкіл қоғамға және өңір әкімдеріне де берілген маңызды сигнал. Алдағы уақытта аймақ басшылары да осындай жеңістерді атап өтіп, жас өрендерді құттықтап, осындай жақсы дәстүрге айналады деп сенемін.
Президент ел тізгінін ұстаған алғашқы күннен бастап балаларға жағдай жасауды тек сөзбен емес, нақты іспен дәлелдеп келеді: ерекше балаларға арналған жаңа орталықтар, жаңғыртылған оқушылар сарайлары, қайта жанданған жазғы лагерьлер, "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы – мұның бәрі Президенттің балаларға деген қамқорлығының айғағы. Бұның бәрі – еліміздегі балаларға бұрын-соңды болмаған қолдау.
2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен дарынды оқушылар алғаш рет бұрын тек спортшыларға ғана беріліп келген қомақты ақшалай сыйақыларға ие болды. Бұған қоса, олар емтихансыз, сенім негізінде, қалаған университетіне түсу құқығын алды. Сол жылдан бастап шәкірттеріне жол ашқан ұстаздар да алғаш рет лайықты марапатталды.
Бұл кездесу менің есіме сол 2021 жылы Президент атынан осындай дарынды өрендерге диплом тапсырып, олардың көзіндегі отты көрген сәттерді салды. Бүгінде еліміздің талантты жастарына қанат бітірген осындай өзгерістер көп екеніне ерекше қуанамын", – деп жазды Асхат Аймағамбетов.