фото: Tengrisport.kz. Суретте: Екатерина Бивол, Дмитрий Бивол мен анасы
Жартылай ауыр салмақтағы кәсіпқой боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы жары Екатерина Бивол экс-күйеуімен соттасу жайлы және оның отбасы туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Екатерина әлеуметтік желіде өзінің бұрынғы күйеуімен болып жатқан сот процесінің егжей-тегжейін баяндады.
Айтуынша, 2024 жылдың қазан айында Бивол алиментті екі ай төлемеген, сол үшін ол сотқа талап арыз берген. Бұған жауап ретінде Дмитрий қарсы талап қойып, балалардың тұратын жерін өзімен бірге анықтауды және оған қоса, бұрынғы жұбайына және балаларға сот-психиатриялық сараптама жүргізуді сұраған.
"Менің алиментке қатысты талабым 2024 жылдың қазанынан бері жүріп жатыр, ол кезде ол екі ай төлемеді (онсыз да өте аз төлейтін, ал ол уақытта мүлдем төлемеді). Оның қарсы талабы – балалардың тұратын жерін өзімен бірге белгілеу және маған, балаларға сот-психиатриялық сараптама тағайындау! Ол кезде Мирон 10 жасқа толған еді және өзі мен інісі кіммен бірге тұратынын өзі шеше алады.
Миронды мұғалімімен бірге сотқа шақырды. Мамырда менің үйіме қамқоршылық органдары келді: олардың ойынша, мен – мінсіз анамын. Олар боксшының бұрынғы әйеліне тиіскенін түсінбейді. Бұл іс бойынша 8 сот отырысы өтті, бірақ ол біреуіне де қатысқан жоқ. Оның екі "шайтан" адвокаты бар. Сотты жауып тастады, өйткені Бивол өзін кедей етіп көрсетіп жүр", – деп жазды Екатерина Telegram-да.
Сондай-ақ, Екатерина боксшы мен оның анасынан өзіне қарсы 5 түрлі сот талап-арызы түскенін айтты, соның ішінде 2024 жылдың желтоқсанында "ар-намысты, қадір-қасиетті қорғау" туралы да бар.
"Ар-намысты, қадір-қасиетті қорғау (оларда ондай жоқ). Оның маған қарсы талабы 2024 жылдың желтоқсанында түсті. Істің ішінде менің Instagram-дағы және басқа мәлімдемелерімнің 50 парағы бар. Ол менің Instagram және Telegram-дағы өзі туралы жағымсыз сөздерім үшін кешірім сұрауымды талап етеді. Әзірге тек 1 сот отырысы өтті. Ертең – екіншісі.
Тағы бір жайт! 2024 жылдың желтоқсанында ол және оның анасы маған қарсы прокуратураға 5 арыз берген. Баласы мен енем – тозақтың оты. Маған тек ескерту берілді, өйткені мен – тәртіпті адаммын. Соңғы 10 жылда бір-ақ рет көлік тұрағына қатысты айыппұл алғанмын, сондықтан әкімшілік жаза қолданбауға болады", – деді ол.
Дмитрий мен Екатерина 16 жасында танысып, 2013 жылы шаңырақ көтерген. Олардың некесінен екі бала – Мирон және Никон дүниеге келді.
2023 жылдың маусымында боксшы әйелімен ажырасты, ал Екатерина алимент көлемін ұлғайтуды талап етті. 2024 жылдың желтоқсан айының басында ол экс-күйеуінің өзіне қарсы прокуратураға арыз жазғанын айтты, ал бірнеше аптадан соң сот басталды.
Ажырасқаннан кейін Дмитрий Бивол Артур Бетербиевпен екі маңызды жекпе-жек өткізді. Алғашқысында төрешілер шешімімен жеңіліп, Бетербиев жартылай ауыр салмақта абсолютті әлем чемпионы атанды. Екінші кездесуде Бивол жеңіске жетіп, қарымта қайтарды.