Бокстан ұлттық құрама капитаны ағасы Руслан Берденовті қолдап шықты

Бокстан ұлттық құрама капитаны ағасы Руслан Берденовті қолдап шықты

фото: sportinside.kz коллажы. Суретте: Руслан Берденов пен Айбек Оралбай

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Айбек Оралбай әлеуметтік желідегі парақшасында журналист Ботагөз Омарованың жазбасын бөлісіп, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовті қолдады. Жазбада 21 сәуірде Берденовке жасалған қастандықтың шынайы себебі ретінде жеке қарым-қатынас емес, миллиардтаған бюджет қаржысының жұмсалуына қатысты дау көрсетілген, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Материалда келтірілген деректерге сүйенсек, күдікті – прокурордың ұлы, "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС басшысы Ернар Жиенбай. Бұл компания 2024-2026 жылдарға арналған көпқабатты үйлерді капиталды жөндеу бағдарламасы бойынша 3,4 млрд теңге қаржыны тендерсіз алған. Жоспарланған 22 үйдің тек 10-ы ғана жөнделген.

Қастандыққа дейінгі 10 күн бұрын қала әкімдігінде өткен жиында Берденов Жиенбайдан есеп сұрап, құрылыс материалдарын қымбат бағамен өз бетінше сатып алғанын түсіндіруді талап еткен. Есеп бере алмаған Жиенбай мен Берденов арасында жанжал туындап, оны залдан шығарып жіберген.

Журналист Ботагөз Омарованың айтуынша, күдікті қылмыстың себебін "қызғаныш" деп көрсетуге тырысуда, себебі бұл бап бойынша жаза жеңілірек. Ал егер қаржы жымқыру дәлелденсе, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға мүмкіндік жоқ.

Автордың пікірінше, бұл іс – орындалмаған міндеттемелер мен бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалуына байланысты туындаған дау. Сондай-ақ, ол Шымкенттегі құқықтық ахуал мен күдіктінің прокурор әкесінің ықпалына назар аударып, істің әділ аяқталуына күмән келтірді.