Геннадий Головкин барша қазақ қуанатын жаңалықты айтып, сүйінші сұрады

Геннадий Головкин барша қазақ қуанатын жаңалықты айтып, сүйінші сұрады

фото: olympic.kz. Суретте: Геннадий Головкин

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің (ҰОК) президенті Геннадий Головкин Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының (World Taekwondo) басшысы Чунгвон Чомен кездесті. Басқосуға сондай-ақ ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев пен Қазақстан таеквондо федерациясының (WT) президенті Кудрәт Шамиев қатысты, деп Sportinside.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Тараптар халықаралық ынтымақтастықтың келешегін, таеквондоның олимпиадалық қозғалыс аясындағы дамуын және киберспорт бағытын талқылады. Айта кетсек, World Taekwondo 2026 жылдан бастап "e-Taekwondo" дисциплинасын жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындары мен құрлық чемпионаттарының бағдарламасына сынақ ретінде енгізуді жоспарлап отыр.

Кездесуде бірлескен іс-шаралар жоспарына және олимпиадалық қозғалыс құндылықтарын насихаттауға баса назар аударылды. Қазақстан таеквондо федерациясы 2026 жылғы Гран-при финалын өткізу құқығын жеңіп алған. Сондай-ақ 2027 жылғы әлем чемпионатын қабылдау үшін өтінім беруді көздеп отыр. Бұл бастамаларға ҰОК толық қолдау білдіретінін мәлімдеді.

14-16 тамыз аралығында Астанада G-1 санатындағы халықаралық рейтингтік турнир – Kazakhstan Open 2025 өтеді. 22 елден 750 спортшы қатысатын дода жасөспірімдер, жастар және ересектер санатында өтеді. Жарыс жаңа халықаралық ережелер бойынша және жаңартылған KPNP K-2 электронды жүйесімен ұйымдастырылады. Биыл алғаш рет арнайы жаңа электронды қолғаптар қолданылады, ал Бәйтерек маңында World Taekwondo көрсетілім командасы шоу қояды.

Чунгвон Чо қазақстандық спортшылардың әлеуетін жоғары бағалап, серіктестікті нығайтуға дайын екенін жеткізді.

"Мен Қазақстанда таеквондоға деген зор қызығушылық пен спортшылардың жоғары деңгейін байқадым. Ел қарқынды дамып келеді және бұл спорт түрі мектептерде ұлттық деңгейде өркендейді деп сенемін. Ынтымақтастығымыз спортты дамытуға және жаңа буын спортшыларын шабыттандыруға ықпал етеді", – деді ол.

Өз кезегінде Геннадий Головкин халықаралық спорт ұйымдарымен байланыс орнату ұлттық спортты дамыту үшін аса маңызды екенін атап өтті.

"World Taekwondo-мен әріптестік Қазақстанның халықаралық аренадағы көкжиегін кеңейтеді. Мұндай серіктестіктер байланыстарды нығайтуға, тәжірибе алмасуға және спорттың құндылықтарын насихаттауға жол ашады", – деді ҰОК президенті.

Кездесу соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықты тереңдету жөнінде ортақ келісімге келді.