фото: Қазақстан бокс федерациясы. Суретте: Нұрзат Оңғарұлы мен Бақыт Сәрсекбаев
Бокстан Қазақстанның жастар құрамасының бапкері Бақыт Сәрсекбаев боксқа қатысты бірқатар дүниелерді атап өтті, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Instagram желісіндегі "Бірінші бол" парақшасына берген сұқбатында Бақыт Сәрсекбаев өзбек боксы туралы өз пікірін білдірді.
"Өзбек боксы өзгерген жоқ. Бұрындары да дәл осылай айтқам. Бірақ олар өздерінің стильдерін бүкіл әлемге көрсетіп келеді. Ал біз қазақ боксының стилін жоғалтып алдық. Осы бағытқа келіп, жұмыс істеп жатырмыз. Алла бұйырса, осы бағытта еңбек етеміз", – деп атап өтті Бақыт Сәрсекбаев.
Сондай-ақ ол жастардың деңгейі өсіп келе жатқанын және олардың қазіргі таңда ешбір елдің боксшыларынан кем түспейтінін алға тартты.
"Бар білгенімізді балаларға үйретіп жатырмыз. Біздің жігіттер физикалық, функционалдық тұрғыдан ешкімнен қалыс қалмайды. Ыстықкөлде оқу-жаттығу жиынында болдық, жігіттер өздерінің жан-жақты екендерін көрсетті", – деді Бақыт Сәрсекбаев.
Айта кетейік, қазақстандық боксшылар 10 және 11 тамызда Бангкокта (Таиланд) World Boxing ұйымдастыруымен өтетін жастар арасындағы Азия чемпионатының финалдық жекпе-жектерінде бақ сынайды.