фото: FIDE баспасөз қызметі
Қазақстанның Ұлттық физика-математика мектебі (ҰФММ) АҚШ-тың Александрия қаласында өткен ФИДЕ мектеп оқушылары арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sportinside.kz
Chess порталының мәліметінше, бірінші орынды Үндістанның Velammal MHS мектебі иеленсе, үшінші орынға АҚШ-тың Harker мектебі тұрақтады. Олар Қазақстанның тағы бір мектебі – РСФМ "Астана-2" командасын аз ғана ұпай айырмасымен озып кетті.
Чемпионат 3-6 тамыз аралығында Вирджиния штатындағы (Вашингтонға жақын) Александрия қаласында орналасқан Епископтық орта мектепте өтті. Жарыс сегіз турдан тұрды және швейцариялық жүйе бойынша ұйымдастырылды.
Сонымен қатар 4-5 тамызда шахматтың білім берудегі рөліне арналған халықаралық Smart Moves Summit конференциясы өтті. Онда 50-ден астам спикер – ғалымдар, зерттеушілер, мұғалімдер және өзге де сарапшылар баяндама жасады.
Айта кетейік, мектеп чемпионатына 48 елден келген 286 ойыншыдан құралған 55 команда қатысты.
.