фото: Жеке мұрағаттан. Суретте: Ақжүрек Таңатаров
Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, 38 жастағы Ақжүрек Таңатаров үлкен спортқа уақытша қайта оралмақ. Бұл туралы Sportinside.kz тілшісі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Белгілі балуан 2018 жылы кәсіби мансабын аяқтаған болатын. Алайда қазіргі таңда Түркістан облысы, Созақ ауданында ұйымдастырылып жатқан бапкерлер арасындағы жарыс аясында боз кілемге шығуға дайындалып жатыр.
"Ауылдан шыққан жас балуандарды спортқа тарту мақсатында Түркістан обылысы Созақ ауданында жаттықтырушылар арасында жарыс ұйымдастырылып жатыр. Бұл жарыста 40 жасқа дейінгі жаттықтырушылар күреседі. Сонымен қатар 30 бен 40 жас арасында Түркістан және Шымкент қалаларының балуандары белдеседі. Сол жерде чемпион болған балуан менімен күреседі", – деді Таңатаров Sport Pluse арнасына берген сұхбатында.
Айта кетейік, Ақжүрек Таңатаров – 2012 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері, 2017 жылғы Азия чемпионы және әлем чемпионатының жүлдегері. Сонымен қатар Қазақстанның төрт дүркін чемпионы.