Елена Рыбакина ұзақ уақыттан кейін мансабындағы тарихи жетістікке қол жеткізді

Елена Рыбакина ұзақ уақыттан кейін мансабындағы тарихи жетістікке қол жеткізді

фото: әлеуметтік желіден. Суретте: Елена Рыбакина

Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) соңғы турнирлер нәтижесі бойынша ресми сайтында жекелей және жұптық рейтингтерді жаңартты, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Монреаль қаласында өткен беделді "мыңдық" санатындағы турнирдің жартылай финалына дейін жетіп, қосымша рейтингтік ұпайлар жинады. Осылайша, ол екі сатыға көтеріліп, қазіргі таңда 10-орынды иеленіп отыр.

Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева 46-орнын сақтап қалды. Әйелдер арасындағы жекелей сында әлемдік рейтингтің көшбасшысы болып беларусьтік Арина Соболенко қалып отыр. Одан кейінгі екі орынды америкалық Коко Гауфф пен польшалық Ига Швёнтек иеленген.

Есептік кезеңдегі ең үлкен жетістікті 18 жастағы канадалық Виктория Мбоко көрсетті. Ол Монреальдағы турнирде сенсациялық жеңіске жетіп, бірден 61 сатыға жоғарылап, 24-орынға көтерілді және бұл – оның жеке рекорды.

Ал жұптық рейтингте америкалық Тейлор Таунсенд көшбасшы орнын сақтап қалды. Қазақстандық теннисшілер арасынан Анна Данилина үздік ондықты қорытындылап тұр.