"Болашақ чемпиондардың ұясы": Әбиба Әбужақынова қуанышты жаңалығын бөлісті

"Болашақ чемпиондардың ұясы": Әбиба Әбужақынова қуанышты жаңалығын бөлісті

фото: ijf.org. Суретте: Әбиба Әбужақынова

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстанның белгілі дзюдошысы Әбиба Әбужақынова енді спорттағы жаңа белеске қадам баспақ. Танымал спортшы жуырда өз атындағы дзюдо клубында бапкерлік қызметке кірісетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Спортшының айтуынша, жаңадан ашылатын бұл орталық болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін рухани әрі физикалық тәрбие ордасына айналмақ.

"Бұл – тәртіп пен ерік-жігер және де табысқа бастар жол болады", – деп жазды Әбиба өзінің Instagram парақшасында.

Клуб 6 мен 17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді қамтиды. Мұнда Әбужақынованың жеке әдістемесі, халықаралық ареналардағы тәжірибесі, сондай-ақ чемпион атануға көмектескен құпиялары бөлісілетін болады.

Айта кетейік, қазіргі таңда 28 жастағы Әбиба Әбужақынова – Қазақстан дзюдосының жарқын тұлғаларының бірі. Ол екі мәрте әлем чемпионатының қола медалін жеңіп алған. Соңғы жетістігі – Будапештте өткен әлем біріншілігінде финалға дейін жетіп, күміс жүлде еншілегені. 2024 жылғы Париж Олимпиадасында қола медаль үшін болған шешуші кездесуде жеңіліп, бесінші орыннан көрінген еді.