фото: sportinside.kz коллажы
Бұрынғы боксшы және жаттықтырушы Серік Қалиев 2004 жылы елдің бірінші президентінің құдасы Асқар Құлыбаевқа қастандық жасады деген айыппен сотталған еді. Ол 22 жылдан кейін, 6 тамыз күні бостандыққа шықты. Бұл туралы Sportinside.kz тілшісі Orda.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Алайда Серік Қалиев өз кінәсін мойындамайды. Түрмеден шыққан сәтінде оны Заречныйдағы қатаң режимдегі колонияның қақпасынан туыстары күтіп алып, Алматыға жеткізді. Адвокаты Айман Омарованың айтуынша, Қалиев өзін "тозақтан қайтып келгендей" сезінуде.
"Серік 22 жыл бойы түрмеде отырды. Осы уақыт ішінде ол баласының, кейін немерелерінің өскенін көрмеді. Оның орнына шексіз азап көріп, ауыр дертке шалдықты. Гепатит С жұқтырды, басқа да созылмалы аурулары бар. Бір сәттерде оны басқа колонияға ауыстырып, босатпау үшін денсаулығын әдейі құртқысы келгендей көрінді", – дейді адвокат.
Серік Қалиев – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР әуесқой бокс федерациясының бұрынғы вице-президенті. Ол республикалық және халықаралық жарыстарды ұйымдастырып, қайырымдылықпен айналысқан. Өз уақытында Геннадий Головкин, Серік Сәпиев, Василий Жиров, Серік Елеуов, Павел Сторожук сынды атақты былғары қолғап шеберлерін жаттықтырған.
"Оның жетістіктері кейбіреулерге тыныштық бермеді. Құлыбаевтың өзі Қалиевке қатысты еш шағымы жоқ екенін айтқан. Мүмкін, ол да бұл іске еріксіз араласқан болар", – дейді адвокат.
Қалиев жазасының көп бөлігін Степногорск және Атбасар түрмелерінде өтеген. Жақында ғана туыстарының өтінішімен Алматы облысы, Қонаев қаласына жақын орналасқан Заречный түрмесіне ауыстырылған.
Адвокаттың айтуынша, Қылмыстық-атқару кодексі бойынша жазасын туған-туыстарының жанында өтеуге құқығы болғанымен, бұл талап ескерілмеген.
Атбасар колониясында Қалиев жұмысқа тартылмаған, бірақ қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқан. Тіпті, түрме әкімшілігімен соттасып, өз құқығын қорғап жеңіп шыққан.
"Ол қоғамға әлі де пайдасын тигізе алатын еді, талай Олимпиада чемпиондарын тәрбиелеуге қабілетті жан болатын", – деп түйіндеді Айман Омарова.