"Қорқақ": Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпионына сес көрсетіп тастады

"Қорқақ": Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпионына сес көрсетіп тастады

фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly. Суретте: Жәнібек Әлімханұлы

Қазақ боксшысы Жәнібек Әлімханұлы доминикандық Карлос Адаместі жекпе-жекке шақырып, оған қарсы сөздер айтты, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Бұл жолы Жәнібек Әлімханұлы Адаместің Х әлеуметтік желісіндегі жазбасына жауап берді. Доминикандық боксшы 2021 жылы украиналық Сергей Деревянченкомен жекпе-жек алдында түсірілген суретті жариялаған болатын. Айта кетейік, сол кездесуде Адамес төрешілер шешімімен жеңіске жеткен еді.

Жәнібек сол жазбаны өз парақшасына бөлісіп, Адамеске өткенді ұмытуды ескертіп, былай деп жазды:

"Өткенмен өмір сүруді доғар! Егер менімен жекпе-жекке шығуға келіскеніңде, бұл сурет емес, біздің жекпе-жегіміздің постері тұрар еді! Қорқақ!"

Айта кетейік, Карлос Адамес – орта салмақта (72,6 кг дейін) WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы. Ал Жәнібек Әлімханұлы WBO және IBF белбеулерінің иегері. Ол бұрыннан бері Адамеске бірнеше рет жекпе-жек өткізу туралы ұсыныс жасаған. 

Еске сала кетейік, Адамес WBC тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуін соңғы рет ақпан айының соңында қорғаған. Сол кезде ол британдық Хамза Ширазбен жұдырықтасып, жекпе-жек тең нәтижемен аяқталған болатын.

Қазіргі таңда Карлос Адаместің кәсіби рингтегі көрсеткіші – 24 жеңіс, оның 18-і нокаутпен.

Ал Жәнібек Әлімханұлы сәуір айының басында франко-конголезиялық боксшы Анауэль Нгамиссенгемен жекпе-жек өткізіп, бесінші раундта қарсыласын нокаутқа түсірген еді.

32 жастағы қазақ боксшысы кәсіпқой рингте 17 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. Оның 12-сі нокаутпен аяқталған.