Суыт хабар жетті: Танымал қазақ боксшысының інісі Грузияда қаза тапты

Суыт хабар жетті: Танымал қазақ боксшысының інісі Грузияда қаза тапты

фото: instagram.com/notyounghunter. Суретте: Шыңғыс Мұсаділов

Кәсіби боксшы Серік Мұсаділовтің інісі 27 жастағы Шыңғыс Мұсаділовтің мәйіті Грузияда табылды. Оның қаза тапқанын Қазақстанның Грузиядағы елшілігі растады, деп Sportinside.kz тілшісі Sports24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Басылым мәліметінше, Шыңғыс Мұсаділовті соңғы рет 4 тамызға қараған түні Тбилисидің орталығындағы түнгі клубтардың бірінің маңында көрген. Осыдан кейін онымен байланыс үзілген. Ол үйіне де, жұмысына да бармаған. Жақындары дабыл қағып, полицияға жүгінген.

"Іздеу бірнеше күнге созылды, өкінішке қарай, қайғылы жағдаймен аяқталды: 27 жастағы Шыңғыс өлі күйінде табылды. Қайтыс болу себептері мен мән-жайы әзірге жария етілген жоқ. Оның қазасы туралы ақпаратты Қазақстанның Грузиядағы елшілігі растады", – деп жазады басылым.

Айта кетейік, марқұмның ағасы Серік Мұсаділов – ауыр салмақтағы кәсіпқой боксшы. "Панда" лақап атымен танымал спортшы кәсіпқой рингте 10-нан астам жекпе-жек өткізіп, олардың басым бөлігін нокаутпен аяқтаған.