17 жастағы әлем чемпионына ел ағалары бір үйір жылқы сыйға тартты (ВИДЕО)

17 жастағы әлем чемпионына ел ағалары бір үйір жылқы сыйға тартты (ВИДЕО)

фото: instagram.com/kazwrestling_official. Суретте: Жаңажол Қуанышбек бапкерімен

Ақтөбе өңірі грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған Жаңажол Қуанышбекті зор құрметпен қарсы алды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Афинада өткен әлем біріншілігінде 17 жасқа дейінгі балуандар арасында сынға түскен Жаңажол Қуанышбек финалда қырғыз спортшысы Нұркерім Құмарбековті 8:7 есебімен жеңіп, алтын медальді қанжығасына байлаған болатын.

Жеңісті жаңалықты қуанышпен қарсы алған ақтөбеліктер жас чемпионға бір үйір жылқы тарту етіп, халықтың қошеметін көрсетті.

Қазіргі таңда Жаңажол Қуанышбек Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы олимпиадалық резервті даярлау орталығында жаттығу жасауда. Бапкерлер оның спорттағы болашағынан үлкен үміт күтетіндерін айтады.

Айта кетейік, бұған дейін де Жаңажол Азия чемпионатында жеңімпаз атанып, ел намысын абыроймен қорғаған еді.

Афинада өткен додада Қазақстан құрамасы жалпы есепте үшінші орынға табан тіреді. Құрама қоржынында — бір алтын, екі күміс және екі қола медаль бар.