фото: видеодан скриншот. Суретте: Толқын Забирова
Танымал әнші Толқын Забирова жақында дүниеден өткен ақын Исраил Сапарбайдың қазасы туралы жазба жариялады.
Ақиық ақын Исраил Сапарбай 15 шілдеде қайтыс болды. Толқын Забирова ақынның қазасы туралы хабарды кеш естігенін айтып, арнайы жазба жариялады.
"Қадірлі ағамыз Исраил Сапарбайдың өмірден озғаны жайлы қаралы хабарды, өкінішке қарай, кеш естіп, жүрегім қатты ауырды. Бұл қаза – бүкіл қазақ руханияты үшін орны толмас үлкен жоғалту.
Исраил аға – дара талантымен, асқан даналығымен, жүрек жылуымен халқына өлшеусіз мұра қалдырған ұлы тұлға. Оның әрбір өлеңі, әрбір әні халықтың жүрегіне үміт пен қуаныш сыйлады. Мен үшін Исраил ағамыздың орны ерекше. Себебі ол маған «Егіз лебіз» атты баға жетпес әнді сыйлап, өнер жолымда жаңа бір биікке көтерілуіме себепкер болды. Осы әннің арқасында мен бүгінгі мен бола алдым. Бұл – маған ғана емес, бүкіл тыңдарманға арнаған жүрек сыйы еді.
Исраил ағамыздың мейірімі мен адамгершілігі, өнерге деген адалдығы – біз үшін мәңгі өнеге. Оның жарқын бейнесі мен асыл еңбектері жүрегімізде мәңгі сақталады. Алла тағала Исраил ағамыздың жанын рақымына бөлеп, жатқан жерін жайлы етсін. Жақындары мен туған-туыстарына сабырлық пен күш-қуат тілеймін", – деп жазды Толқын Забирова.