фото: sportinside.kz коллажы
Таиланд астанасы Бангкок қаласында өткен Asian Boxing Конгресі аясында Өзбекстан ұлттық құрамасының бас бапкері Тулкин Киличев баспасөз мәслихатын өткізіп, алдағы жоспарларын бөлісті, деп хабарлайды Sportinside.kz.
"Өзбекстан қазіргі таңда әлемдік бокста бірінші орында екенін дәлелдеп келеді. Құдай қаласа, World Boxing ұйымы аясында өтетін жарыстарда да үздік нәтиже көрсетеміз. Егер барлығы сәтті болса, Сәкен Жетибаевич аталған ұйымның президенті болады", – деді Тулкин Киличев.
Еске салайық, бұған дейін Өзбекстан бокс федерациясы басшысының орынбасары Сәкен Полатов Asian Boxing ұйымының вице-президенті болып тағайындалған болатын. Бұл ұйым Азиядағы әуесқой боксқа жауапты континенттік федерация саналады.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық танымал боксшы, World Boxing ұйымы жанындағы Олимпиада комитетінің жетекшісі Геннадий Головкин де осы ұйымның президенті лауазымына үміткерлер қатарында екені белгілі болған. Ол биыл қараша айында өтетін сайлауға қатысуы мүмкін.