фото: ашық дереккөзден
Белгілі журналист Қымбат Досжан бұған дейін Жәнібек Жұмағұловтың ісін танымал заңгер жүргізетінін хабарлаған еді. Енді осы жағдайға байланысты жағымды жаңалық белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Шерзат Полат ісі арқылы танылған адвокат Мейірман Шекеев кеше ғана Жәнібектен арнайы сенімхат алғанын мәлімдеді.
"Жәнібек – Бельгияда асырап алынған қазақ баласы. Қазіргі мәліметтерге қарағанда, оның заңсыз сатылғаны анықталып жатыр. Құжаттармен танысқан сайын көптеген заң бұзушылықтар әшкереленуде", – дейді халық заңгері Мейірман Шекеев.
Ол бұл жайында өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Қымбат Досжанмен бірге бейнежазба арқылы бөлісті.
"Бұған дейін айтқанымыздай, Жәнібек баламыздың ісіне халық заңгері, ел жанашыры Мейірман Қалмаханұлы араласатын болды. Бүгін бізге Жәнібектің өз қолымен берген сенімхаты жетті. "Жәнібек кім?" деген сауал туындаса, ол – Бельгияда өсіп, кейін туған анасын іздеу үшін Қазақстанға келген қазақ баласы. Осы істі Мейірман мырзаға сеніп тапсырдық. Алдағы жоспарымызда Арқалыққа бару да бар", – деді Қымбат Досжан бейнежазбада.
Адвокаттың айтуынша, Жәнібектің алғашқы биологиялық анасын табуға жасалған алғашқы әрекеттер нәтиже бермеген. ДНҚ тестілеулері жүргізілсе де, нақты сәйкестік анықталмаған.
"Ресми түрде мен сенімхатты қабылдап алдым. Жәнібек өз қолымен жіберді. Бұл істің астарында ашылмаған жайттар өте көп. Қазір бұл тек бір баланың тағдыры емес, Қазақстандағы бала саудасына қатысты заңсыздықтарды әшкерелеуге жол ашады деп үміттенемін. Бізге тек сәттілік тілеңіздер", – деп түйіндеді сөзін Мейірман Шекеев.