фото: olympic.kz. Суретте: Галина Воскобоева
Галина Воскобоева – кәсіби мансабы барысында Ресей мен Қазақстанды халықаралық ареналарда танытқан белгілі теннисші. Ол 1984 жылы 18 желтоқсанда Мәскеу қаласында дүниеге келген. 2002 жылы кәсіби деңгейде алғаш рет кортқа шыққан спортшы кейінгі жылдары үлкен табыстарға қол жеткізіп, 2021 жылы спорттық мансабын аяқтады.
Галина теннис мансабының алғашқы кезеңінде Ресей атынан ойнаса, 2008 жылдан бастап Қазақстан азаматтығын алып, еліміздің намысын қорғады. Бұл қадам оның мансабындағы жаңа серпіліске себеп болды. Ол әсіресе жұптық сында зор жетістіктерге жетті: WTA турнирлерінде 5 мәрте чемпион атанып, 2012 жылы парлық рейтингте әлемнің 26-шы ракеткасына дейін көтерілді.
Ол оң қолмен ойнайды, сол жағынан екі қолмен соққы жасайды. Ұзындығы 183 см, салмағы – 67 кг. Галина хард жамылғысында ойнағанды ұнатады, ал сүйікті турнирі – Мәскеуде өтетін "Кремль кубогы".
Кәсіби мансабында Воскобоева 2,5 миллион доллардан астам жүлде қаржысын ұтып алды. Жеке сында ITF турнирлерінде 3 мәрте жеңіске жетсе, жұптық жарыстарда 5 WTA, 1 WTA 125K және 13 ITF титулын иеленді. Үлкен дулыға турнирлерінде де жақсы нәтиже көрсетті: 2009 және 2012 жылдары Аустралия ашық чемпионатында үшінші айналымға дейін жетсе, жұптық сында бірнеше рет ширек финалға шықты. 2012 жылы Франция ашық чемпионатында аралас жұптық сында жартылай финалға дейін жетіп, тарихи жетістікке қол жеткізді.
Соңғы жылдарында жарақаттар мен ұзақ үзілістерге қарамастан, Галина Воскобоева спортқа адалдығын сақтап қалды. 2016 жылы қайта кортқа оралған ол тек жұптық сында ойнауды жалғастырып, 2019 жылы бірнеше финалға жетті. Сол жылы Вероника Кудерметовамен бірге WTA 125 турнирінің жеңімпазы атанды. 2021 жылы ол соңғы кәсіби турнирін өткізді.
Теннистен бөлек, Галина – білімді де жан-жақты тұлға. Ол 2005 жылы РУДН университетін тәмамдаған. 2021 жылы америкалық Джонатан есімді азаматқа тұрмысқа шығып, 2022 жылы алғаш рет ана атанды.