фото: әлеуметтік желіден. Суретте: Сора Рахмонова мен Шавкат Рахмонов
Қазақстандық танымал спортшы Шавкат Рахмоновтың қарындасы Сора Рахмонова ағасының отбасында болған қайғылы жағдайға қатысты Instagram желісінде пікір білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Сора Рахмонова Stories бөлімінде жазба қалдырып, қолдау білдірген жұртқа алғысын айтып, мұндай жағдайдың ешкімнің басына түспеуін тіледі.
"Мұндай ауыр жағдай ешкімнің басына келмесін! Ертең не боларын бір Алла біледі... Жеңгеме Алла жар болсын! Екі бірдей жақынынан айырылып, өзі де жарақат алды. Қайтыс болған жандардың иманы жолдас болсын! Жандары жәннатта болғай", – деп жазды ол.
Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілерде Шавкат Рахмоновтың жұбайының қатысы болуы мүмкін делінген жол апаты туралы ақпарат тараған болатын. Аталған жол-көлік оқиғасы Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданындағы тас жолда болған.
Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, Toyota Land Cruiser 200 көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен. Апат салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екеуі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.