Қырғыздардың бұл шешімімен келіспейміз, әділетсіз – Қазақстан көкпар федерациясы

Қырғыздардың бұл шешімімен келіспейміз, әділетсіз – Қазақстан көкпар федерациясы

фото: Көкпар федерациясы

2026 жылы Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасынан қазақтың ұлттық спорты – көкпар ресми түрде алынып тасталды. Бұл жағдай қоғамда түрлі пікір тудырып, қызу талқыға түсті. Осыған байланысты Қазақстан көкпар федерациясы да өз ұстанымын білдірді, деп Sportinside.kz тілшісі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Федерация атынан атқарушы директор Ғани Дүйшенов жауап беріп, қабылданған шешіммен келіспейтінін және оның әділетсіз екенін мәлімдеді.

"Ресми түрде Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен көкпар федерациясы ешқандай регламент пен ресми хат алған жоқ. Әрине бұл шешіммен келіспейміз. Себебі Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Халықаралық этноспорт конфедерациясының қатысуымен өтеді. Оларда бұл шешім жайлы хабарсыз", – деді Ғани Дүйшенов.

Сондай-ақ ол бұл шешімнің әділетсіз екенін айтып, өзінің наразылығын білдірді.

"Әрине әділетсіз. Қырғызстан тарапымен ешқандай байланыс әзірге орнатылмады. Бұл бағыттағы жұмыстарды алдымен спорт саласына жауапты мемлекеттік орган ретінде, министрлік жүргізеді", – деп пікір білдірді Ғани Дүйшенов.

Айта кетейік, бірнеше күн бұрын Қырғыз Республикасының Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігінің директоры Айбек Әбдімомынов 2026 жылғы ойындарда тек көкбөрі бойынша турнир өтетінін, ал қазақтың көкпары жарыс бағдарламасына енбейтінін мәлімдеген болатын.