фото: Fred Mullane/ISI Photos/Getty Images. Суретте: Александр Бублик
Әлемдік рейтингте 30-орында тұрған қазақстандық теннисші Александр Бублик Қазақстан жайлы ойын айтып, бұл елмен байланысты үш басты ассоциациясын атады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
"Ең алдымен, Астанаға ұшып келген кезде Ritz қонақ үйіне жету уақыты ұзарып бара жатқаны есіме түседі (күліп). Қала қарқынды дамып жатыр, құрылыс жүріп жатыр, сондықтан бағдаршамдар көбейіп кеткен. Біз әрдайым сол қонақ үйде тұрамыз. 2016 жылы алғаш келгенде он минутта жеткенмін, ал өткен жолы бір сағат жүрдім.
Ал егер байыппен айтатын болсам, әрине – тамақ. Мен бауырсақты өте қатты жақсы көремін! Қазақстанға келген сайын жей бергім келеді, шексіз мөлшерде жей аламын.
Маған Қазақстанда отбасылық құндылықтар жүйесі ұнайды. Көшеде көп серуендейміз, сонда отбасылардың бірге жүргенін көру жаныма жылулық сыйлайды. Балалардың тәрбиесі ерекше әсер етеді. Мысалы, "сен" деп сөйлеп кету немесе кішісі үлкенге бірінші қол беру деген жоқ. Қазақстанда балалар өте тәрбиелі – бұл бірден көзге түседі.
Сондай-ақ, елге деген құрмет ерекше. Әрине, тек Қазақстан ғана емес, бірақ осындай деңгейде өз елінің туы мен гимніне құрметпен қарайтын елдер санаулы-ақ. Көп адам өзін патриотпын деп айтуы мүмкін, бірақ Қазақстанда гимн ойнаған сәтте бұл шын мәнінде қаншалықты маңызды екенін түсінесің.
Сонымен, үш нәрсе: дәмді тағам, балалардың тәрбиесі мен отбасылық құндылықтар және патриотизм. Бұл қасиеттер Қазақстанға келген сайын ерекше байқалады", — деді Александр Бублик "Спорт Шрёдингера" порталына берген сұқбатында.