фото: ашық дереккөзден
Қылмыс әлемімен аты шыққан "Жабайы Арманның" (Арман Жұмагелдиев) досы саналған Жанболат Серіков Әзербайжаннан Біріккен Араб Әмірліктеріне (БАӘ) экстрадицияланды. Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлайды.
Іс бойынша деректер:
БАӘ тарапы 1985 жылы туған Қазақстан азаматына бірқатар ауыр айыптар таққан. Олардың қатарында:
- адам ұрлау;
- бостандықты заңсыз шектеу;
- қасақана денсаулыққа зиян келтіру;
- сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері бар.
Осы қылмыстарға байланысты Серіковке интерпол желісі бойынша халықаралық іздеу жарияланған. Ол биыл қаңтарда Әзербайжанда ұсталды.
Қазақстанның Бас прокуратурасы сол уақытта бұл деректі растағанымен, Серіковке ел ішінде ешқандай айып тағылмағанын, сондықтан оны Қазақстанға қайтару қарастырылмағанын мәлімдеген еді.
БАӘ тарапы Серіковті Finico қаржы пирамидасының жетекшісі Эдвард Сабировке шабуыл ұйымдастырды деп айыптауда. Бұл іске байланысты Анорбек Тюмибаев пен Есболат Кенжеғазы да күдікті ретінде танылып, Ресейде ұсталған.
Жанболат Серіков – Қазақстан Ұлттық банкінің экс-төрағасы, бұрынғы вице-премьер Қайрат Келімбетовтің бұрынғы күйеу баласы.
Ашық дереккөздерге сәйкес, ол Freedom Bank, ЦентрКредит және ForteBank алдында 3 миллиард теңгеге жуық қарыз болған. Осыған байланысты 2023 жылдың желтоқсанынан бастап Қазақстаннан шығуға тыйым салынған.
Сонымен қатар, Серіковке елорданың белгілі "Криталл" түнгі клубының иесі деген де мәлімет бар. Кәсіпорынның өзіне 3,1 миллиард теңге көлемінде берешек тіркелген.