Екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған спортшы тауда із-түзсіз жоғалып кетті

Екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған спортшы тауда із-түзсіз жоғалып кетті

фото: shutterstock

Германиялық биатлоншы, екі мәрте Олимпиада чемпионы атанған Лаура Дальмайер Пәкістанда тауда жоғалып кетті. Қазір іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілуде, деп Sportinside.kz тілшісі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Басылым мәліметінше, Лаура тауда жартасқа өрмелеумен айналысып жүрген. Қасындағы серіктесімен бірге Қарақорым тау жотасында жүргенде, 28 шілде күні тас көшкініне тап болған.

Оқиға кезінде бірге болған ер адам дереу құтқару қызметіне хабар берген. Алайда ауа райының қолайсыздығы мен оқиға орнының алыс болуына байланысты құтқарушы тікұшақ тек сейсенбі күні таңда бір-ақ жеткен.

Провинция үкіметінің өкілі Файзулла Фарактың айтуынша, іздеу-құтқару операциясы әлі жалғасып жатыр. Оған Пәкістан армиясы да жұмылдырылған.

Айта кетейік, Лаура Дальмайер Германия намысын екі қысқы Олимпиадада қорғаған. 2018 жылы ол екі алтын, бір қола медаль жеңіп алған.

Сондай-ақ, ол бір Олимпиадада спринт пен із кесу жарысында қатарынан жеңіске жеткен алғашқы әйел спортшы атанған. Бұдан бөлек ол әлем чемпионатында 15 медаль, оның ішінде жеті алтын иеленген.

2019 жылы небәрі 25 жасында Лаура кәсіби спорттан кететінін жариялаған еді.