фото: ашық дереккөзден. Суретте: Асхат Аймағамбетов
Қазақстандық оқушылар биология пәнінен өткен халықаралық олимпиадада тамаша нәтижеге қол жеткізді. Бұл туралы мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында сүйіншіледі, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Филиппинде өткен International Biology Olympiad (IBO-2025) – мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылатын ең беделді зияткерлік жарыстардың бірі. Биылғы байқауға әлемнің 80 елінен 320-дан астам дарынды оқушы қатысқан.
Қазақстан құрамасы жарысты 100% нәтижемен аяқтады – команданың барлық төрт мүшесі де қола медаль жеңіп алды:
Ерсултан Қайыркен – Павлодар қаласындағы "Білім-инновация" лицейінің 10-сынып оқушысы
Батыр Ержанұлы – Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы
Айғаным Балташева – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы
Алихан Ашырханов – Алматы қаласындағы "Білім-инновация" лицейінің 8-сынып оқушысы
Жас биологтарды жарысқа Ләйлә Асқарова мен Ильяс Сакимов дайындаған.
Айта кетейік, IBO олимпиадасын елімізде өткізу туралы шешім 2021–2022 жылдары "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығын басқарған Ануар Ұнайбековтің бастамасы негізінде қабылданған болатын. Осы бастама нәтижесінде IBO-2024 халықаралық олимпиадасы былтыр Қазақстанда сәтті ұйымдастырылды.
Асхат Аймағамбетов дарынды оқушыларды, олардың ата-аналары мен ұстаздарын жеңістерімен шын жүректен құттықтады.