фото: twitter.com/XHSports. Суретте: Юй Цзыди
Cу спорт түрлері бойынша әлем чемпионатында Қытайдың 12 жастағы спортшысы Юй Цзыди ерекше жетістікке жетіп, әлем жұртшылығын таңғалдырды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Халықаралық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, Юй Цзыди 28 шілде күні Сингапурда өтіп жатқан чемпионаттың 200 метрге кешенді жүзу финалына қатысып, төртінші орын иеленді.
Ол бұл қашықтықты 2:09.47 уақытында жүзіп өтті. Бұл – 14 жас және одан төмен жастағы спортшылар арасындағы тарихтағы ең үздік нәтиже. Бұған дейінгі рекорд 2010 жылы 14 жастағы Е Шивэньге тиесілі болған (2:09.63). Юй Цзыди оның көрсеткішінен 0,16 секундқа озып кетті.
Жас жүзуші жүлдегерлер қатарына ілікпегенімен, спорт сарапшылары мен бәсекелестері оның болашақ жарыстарынан зор үміт күтіп отыр.
Айта кетейік, Юй Цзыди бұған дейін Қытай чемпионатында да жарқырай өнер көрсетіп, ұлдар мен қыздар арасындағы барлық жас рекордтарды жаңартқан. Соның арқасында ол Сингапурда өтетін әлем чемпионатына жолдама алған еді.