"Ажырастырайын деп шақырдыңдар ма?": Тоқтар Серік журналистерге шүйлікті (ВИДЕО)

"Ажырастырайын деп шақырдыңдар ма?": Тоқтар Серік журналистерге шүйлікті (ВИДЕО)

фото: әлеуметтік желіден. Суретте: Бейбіт Сейдуалиева мен Тоқтар Серік

Танымал өнер иелері Тоқтар Серік пен Бейбіт Сейдуалиева отбасылық қарым-қатынаста күтпеген жағдайға тап болды. "Хабар" арнасындағы "Бенефис-шоу" бағдарламасы кезінде Тоқтардың мектеп кезіндегі алғашқы махаббаты эфирге шығарылып, оған арналған өлеңі оқылды. Бұл жайт әншінің наразылығын тудырды, деп жазады Kursiv.media.kz.

Бағдарлама жүргізушілері – Қарақат Әбілдина мен Қыдырәлі Болман жұлдызды жұпты бір орынға отырғызып, көрермендерге тосынсый жасауды жөн көрген. Студияда Тоқтар Серіктің жасөспірім шақтағы сүйіктісі туралы естелік айтып, оған арналған өлең жолдарын оқыды.

Эфир барысында Тоқтар Серік қобалжып, қысылып қалды. Ол телехабардың отбасы берекесіне әсер етіп кетуінен қауіптенді. Тіпті, "Бізді ажырастырайын деп шақырдыңдар ма?" деп әзіл-шыны аралас ренішін білдірді. Осы сәтте Бейбіт Сейдуалиева сабырлық танытып, сыр бермеді. Көңілді кейіпте отырып, күйеуінің бұрынғы сезімі туралы айтылған сөздерге аса мән бермегендей көрінді. Бағдарламада ол жүргізушілерге қызғаныш танытпайтынын айтып, алдын ала уәде бергенін де тілге тиек етті. Алайда, бұл дәйектер Тоқтар Серіктің көңілінен шықпағаны байқалды.

Эфирден кейін Тоқтар Серік жағдайды түсіндіруге тырысты:

"Арамызда терең махаббат болған жоқ. Ұзақ араласқан да емеспіз. Хат жазғаным рас. Бірақ мінезі тік қыз еді, екеуміз жараспадық", – деп түсіндірді әнші.

Сонымен қатар, Тоқтар алғашқы махаббатының қазіргі отбасы жайында да ойлап, алаңдаушылық білдірді:

"Мені қойшы, оның күйеуі қалай қабылдайды екен?" – деді ол.