Шавкат Рахмоновтың жұбайы мен ұлы апатқа ұшыраған көліктің видеосы жарияланды

28 шілде, 2025 / Ахмет Қанатұлы
instagram.com/zhambyl_police

Жамбыл облысында MMA спортшысы Шавкат Рахмоновтың әйелі қатысқан жол апаты орнынан видео жарияланды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

27 шілде күні таңғы 08:50-де Алматы – Екатеринбург тас жолының 299-шақырымында Toyota Land Cruiser 200 көлігінің жүргізушісі – Рахмоновтың жұбайы – көлікті басқара алмай, жол жиегіне аударылып кеткен.

Апат салдарынан 39 жастағы бір әйел оқиға орнында көз жұмып, 35 жастағы екінші әйел ауруханаға жетпей қайтыс болды. Ал Гүлайым Рахмонова мен үш жасар ұлы Шу қалалық ауруханасына жеткізілді. Екеуінің де жағдайы – орташа ауыр.

Дәрігерлердің айтуынша, олар жабық бас-ми жарақатын алған. Қазіргі уақытта клиникалық хаттамаға сай ем алып жатыр.

Кейіннен Шавкат Рахмоновтың жұбайы мен ұлы Шу қалалық ауруханасынан шығарылғаны туралы ақпарат тарады.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің "екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол жүру ережесін бұзу" бабы бойынша тергеу басталды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылып, полицейлер апаттың нақты себептерін анықтап жатыр.

Тэгтер:

Шавкат Рахмонов жол апаты Гүлайым Рахмонова