фото: Chris Unger/Zuffa LLC via Getty Images. Суретте: Шавкат Рахмонов
UFC файтері Шавкат Рахмоновтың жұбайы мен ұлы Шу қалалық ауруханасынан шықты. Бұл туралы Sportinside.kz тілшісі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Зардап шеккендер тиісті қолхат жазып, Шу қалалық ауруханасынан шығарылды. Қазір олар Алматыға бет алды. Медициналық мекемеге қатысты еш шағымдары жоқ", – деп мәлімдеді Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Еске салайық, жол апаты жексенбі күні, 27 шілдеде таңғы уақытта Ақсуйек ауылы маңында болған. Гүлайым Рахмонова ұлы және құрбыларымен бірге Қарағандыдан Алматыға бағыт алған. Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Land Cruiser көлігі аударылып кеткен.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан 39 жастағы әйел оқиға орнында қаза тапты, ал 35 жастағы тағы бір зардап шеккен әйел Мойынқұм аудандық ауруханасына жетпей көз жұмды. Рахмоновтың жұбайы мен үш жастағы ұлы Шу қалалық ауруханасының травматология бөліміне жеткізілген еді. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр деп бағалаған.
Қазіргі уақытта Жамбыл облыстық полиция департаменті бұл апат бойынша қылмыстық іс қозғаған.