"Бойкот жариялау керек": спорт журналисі қырғыздардың шешіміне қарсы шықты

28 шілде, 2025 / Ахмет Қанатұлы
sportinside.kz коллажы

Танымал спорт журналисі Аслан Қаженов келесі жылы Қырғызстанда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардың бағдарламадан алынып тасталғанына наразылығын білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

24 шілде күні ұйымдастыру комитетінің баспасөз мәслихатында Қырғыз Республикасының Дене шынықтыру және спорт агенттігінің басшысы Айбек Әбдімомынов мәлімдегендей, алдағы жарыс бағдарламасында тек көкбөрі ойыны болады. Сонымен қатар, биылғы жарыстардың форматы да өзгереді.

Спорт журналисі Аслан Қаженов Instagram желісіндегі ресми парақшасында осы турасында өз пікірін білдірді.

"Бойкот жариялау керек! Қазақтың көкпары Көшпенділер ойындарынан алынып тасталды. Яғни, 2026 жылғы жарыс бағдарламасында жоқ. Бұндай шешімді қырғыз тарапы шығарып отыр. Көкпар жоқ жерде, қазақ та жоқ. Сондықтан, алдағы жылы көрші елде өтетін ойындарға мүлде бармауды ұсынамын. Біреудің көңіліне қарап, шапқылай беретін шама жоқ. Ұлттық спортымыз – ұлттық рухымыз. Егер оны керек қылмаса, онда бізге ондай ойынның да керегі жоқ. Одан да өзіміздің ішкі чемпионаттар бар, халықаралық турнирлер бар, әлемдік жарыстар бар, соны өткізе берейік. Өзіміз насихаттап, өзіміз көтермелейік. Бәрін шешетін өзіміз ғой. Ең бастысы – жігіттерді табаламасақ болғаны. Олар кез-келген жарыс алаңына шығып, барын да, жанын да салуға дайын. Бірақ, дәл осы жағдайда қажет пе?! Қазақстанда өткен Көшпенділер ойындарында көкпар да болды, көкбөрі де болды. Ал, Қырғызстанда өтетін жарыста көкбөрі ғана болады. Жарайды. Ендеше өздерімен өздері ойнай берсін..." – деп жазды Аслан Қаженов.

Көкпар – қазақ халқының ұлттық спорттық мұрасы саналатын ат үстіндегі ойындардың бірі. Бұл ойын тек қазақ халқына ғана тән емес, оны қырғыз, өзбек, тәжік және басқа да түркі халықтары да әр түрлі атаумен ойнайды. Соның ішінде қырғыз халқының "көкбөрі" ойыны кең танымал. Осы екі ойын бір-біріне ұқсас болғанымен, ойын ережелері мен құрылымы жағынан айтарлықтай айырмашылықтарға ие. 

Тэгтер:

Қырғызстан көкпар Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Аслан Қаженов көкбөрі