Фариза Төрәлінің енесі Дариға Нортаева әлеуметтік желідегі парақшасында сүйінші жаңалығын жариялады.
"Тағы да бір арманымыз орындалатын болды. Осыдан 2 жыл бұрын Америкаға виза жасаттық, ондағы ойымыз сол кезде Нью-Иоркте тұрып жатқан баламыз Дархан мен келінімізге қонаққа бару еді, аз уақытта өмірге келетін немеремізді қолымызға алып, иіскесек деп армандадық. Құжаттарды жинап, тапсырдық. Кезегіміз келген күні жүрегіміз алай-дүлей қобалжып, виза беретін орталыққа келдік. Кезекте тұрған адамдар өте көп-ақ екен, бұлардың бәрі қайда барады деп қоямыз. Сұрақ қойса, қалай жауап береміз, тілді де білмейміз деп тұрмыз. Біреулер сықиып киініп алған,тура шетел. Жолдасымыз екеуміз тұра сала кешігіп қалмайық деп асығып, ілінгенін киіп шыға салғанбыз. Кезек келді, жүрек дүрс-дүрс, Америкалық кісі құжаттарымызды қабылдады! Орыс тілінде қандай себеппен баратынымызды сұрады. Туриспіз дедік, жарты жыл бұрын Еуропаға саяхаттап келгеніміз бар, бір кезде бара беріңдер деді, құжаттарыңды ертең аласыздар деді, түсінбей қалдық. Біздің ойымызша 1045 сұрақ қоятын шығар деп тұрғанбыз ғой, іштей дайындалып. Алдымызда жаңағы сықиып киінгендер басқа терезеден қолдарында құжаттарын ұстап жылап шыққаны бар емес пе, аң-таңбыз. Сөйтсек, құжатты алып қалғаны одобрение бергені екен ғой. Ертеңіне құжатымызды ашып қарасақ, 10 жылға рұқсат деп тұр ғой. Содан бері 2 жыл өтті, әйтеуір бір жол түсер деп жүргенде кеше Дархан мен Фариза тосынсый жасап, саяхатқа жолдама сыйлады. Бүкіл туыстар мен таныстар қуанып, құттықтап жатыр, Алла разы болсын, баршаңызға осындай тосынсый мен саяхаттар жұғысты болсын дейміз", – деп жазды Дариға Нортаева.