фото: Ашық дереккөзден
Танымал әнші, «МузАРТ» тобының мүшесі Сәкен Майғазиевтің ұлы Әділет пен келіні Әдияның үйлену тойы – көпшілік күткен маңызды оқиғаға айналды. Салтанатты шара 2025 жылдың 11 маусым күні Алматы қаласындағы ең сәнді мейрамханалардың бірі – Royal Tulip-те өтті.
Тойды тікелей эфирден 5800-ден астам адам көрді
Той дәстүрлі форматта емес, тікелей эфир арқылы көрерменге жол тартты. 5800-ден астам желі қолданушысы қуанышты сәттің куәсі болу үшін алдын ала тіркеліп, онлайн түрде тамашалады. Бұл – қазақ шоу-бизнесіндегі жаңа үрдіске айналып келе жатқан ерекше формат.
Мобилографсыз той – жаңа дәстүр ме?
Шараны ұйымдастырған – белгілі продюсер Жан Мұқановтың агенттігі. Ал тікелей эфирдің жүргізушілері – танымал журналист Анна Данченко мен асаба Әзімбек Байлин. Эфир барысында жүргізушілер тойда мобилографтар мен камера түсірушілер болмайтынын, тек эфир арқылы көру мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
Анна Данченко:
«Бұл той – ерекше. Тек тікелей эфир ғана. Қонақтар да, көрермен де осы бір сәтті бір уақытта бөлісіп отыр».
Той қонақтары: Қазақ эстрадасының жұлдыздары
Той қонақтарының қатарында отбасымен келген әнші Кенжебек Жанәбілов пен жұбайы Жамилә Төлегенова, сондай-ақ эстрада әншісі Нұрлан Еспанов та болды. Қызыл кілем үстінде жарқыраған қонақтар қуаныштың шын иесі Сәкен Майғазиевке ақ тілектерін арнады.
Нұрлан Еспанов эфирде былай деді:
«Сәкеннің қуанышы – қазақтың қуанышы. Мұндай сәтті елмен бөлісу – керемет дүние. Бұл тұңғыш рет болып отыр. Мен қуанып отырмын. Бұл – жаңа форматтағы ұлттық тойдың үлгісі».