фото: Видеодан скриншот
Қазақстан эстрадасының танымал әншісі Саят Медеуов жақында ғана «Таңшолпан» бағдарламасында қонақ болып, ел білмейтін сырын айтып берді. Әнші өзінің балалық шағында сынып жетекшісінен шапалақ жеген сәтін есіне алып, дәл сол жағдай өмір жолының бағытын түбегейлі өзгерткенін жасырмады.
«Күлипа апай деген мұғаліміміз болды. Бір күні сыныпта отырған кезде сәл күліп тұрғаным үшін шапалақпен ұрды. Артынша линейкада, бүкіл мектептің алдында тағы да ұрды. Сол сәт менің намысыма тиді. "Оқымаймын, 8-сыныптан кейін ауылдан кетемін!" – деп шешім қабылдадым. Осылайша, қалаға кетіп қалдым», – деді Саят Медеуов.
Әнші бұл жағдайды өкінішпен емес, шүкіршілікпен еске алады. Себебі дәл сол оқиға оны өнер жолына алып келіп, үлкен сахнаға шығуына себеп болған.
«Қазір бір жағынан сол Күлипа апайға рахмет айтамын. Әпкеміздің шапалағын жеймін деп, қазір қалада шоколад жеп жүрмін. Егер ол кісі болмаса, бәлкім тағдырым мүлде басқа бағытқа кетер ме едім», – дейді ол.
Саят Медеуов мектеп кезінде бұзық болмағанын, бірақ сол кездегі тәртіптің қатал болғанын да сөз етті. Бүгінде қоғамда мұғалімнің қатты айтуына қарсы пікір көп болғанымен, өзі дәл сол шапалақты өмірлік сабақ ретінде қабылдайды.
«Қазір мұғалімдерге сәл дауыс көтерсең, ата-аналар «менің балама неге тидіңіз?» деп шу шығарады. Ал біздің кезімізде мұғалімнен қорқу деген болатын. Соның өзі тәрбие еді», – дейді әнші.