Олимпиада жүлдегері еліміздегі беделді федерацияның басшылық қызметіне келді

Олимпиада жүлдегері еліміздегі беделді федерацияның басшылық қызметіне келді

фото: Facebook / Қуанышбек Есекеев

Астанада Қазақстан дзюдо федерациясының конференциясы өтіп, оның аясында ұйымға жаңа вице-президент тағайындалды. Бұл қызметке танымал спортшы, Олимпиада жүлдегері Асхат Жіткеев бекітілді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Бұл туралы федерация президенті Қуанышбек Есекеев Facebook парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл конференция жай есеп беру жиыны емес, федерацияның алдағы бағытын айқындайтын маңызды кезең болды.

Қуанышбек Есекеев Асхат Жіткеевтің тағайындалуын конференцияның негізгі шешімдерінің бірі деп атады.

"Оның есімі – қазақстандық дзюдоның символы. Бейжің Олимпиадасының медалі, Азия чемпионаты, әлем чемпионатының қола жүлдесі, ұлттық құрамамен атқарған жұмысы, жүйені дамытудағы жылдар – Асхат дзюдода барлық сатыдан өтіп, әрқайсысында нәтиже көрсетті", – деді ол.

Сондай-ақ, Қуанышбек Есекеев Асхат Жіткеевтің тек спорттық тәжірибесі ғана емес, стратегиялық ойлау қабілеті, тәуекелдерді бағалау және даму бағыттарын көру қабілеті де ерекше екенін атап өтті. Оның бастамалары Қазақстанның халықаралық аренада беделін арттыруға ықпал еткен.

Сонымен қатар, конференция аясында федерацияның жаңа бас хатшысы да тағайындалды – бұл қызметке Тимур Болат келді. Президенттің айтуынша, Тимур Болат құраманың ішкі жұмысын жақсы білетін тәжірибелі маман және оның бұл қызметке лайық екені сөзсіз.

"Тимур – тәжірибелі практик. Ол спортшылардың қалай дайындалатынын, қандай қолдау керектігін жақсы түсінеді. Ол процестерді ішінен күшейтетін адам", – деді Қуанышбек Есекеев.

Қуанышбек Есекеев өңірлерден келген әріптестеріне конференция кезінде айтқан ұсыныстары мен ашық кері байланыстары үшін алғыс білдіріп, дзюдоның дамуы үшін аймақтарда мықты мектептердің болуы аса маңызды екенін айтты.

"Алда үлкен жұмыс тұр. Халықаралық турнирлер, жаттықтырушылар құрамын күшейту, жаңа спорттық белестер. Әрине, басты мақсат – 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарында лайықты өнер көрсету", – деді ол.

Соңында федерация басшысы дзюдоны тек спорт емес, өмірлік миссия ретінде көретін барлық жанашырларға – спортшыларға, бапкерлерге, жетекшілерге, еріктілер мен серіктестерге алғыс білдіріп, Қазақстанның туын биік ұстауға ынталы біртұтас команда бар екенін атап өтті.

Айта кетейік, Қуанышбек Есекеев 2022 жылдың желтоқсанында Қазақстан дзюдо федерациясының президенті болып сайланған. Бұған дейін ол Қазақстанның киберспорт федерациясын басқарып, онда ұлттық деңгейдегі тұрақты турнирлер жүйесін жолға қойған. Қуанышбек Есекеевтің өзі де жастайынан дзюдомен кәсіби түрде айналысқан.